2026 Жаңа жылыңызбен! Жыл берекелі болсын ✨

Мектеп оқулықтары мен ОӘК сараптамасы

Ғалым-хатшы қызметі

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің стратегиялық, т.б. жоспарлары мен тапсырмалары, Орталық директорының тапсырмалары мен бұйрықтарының орындалуын бақылау;

Орталықтың стратегиялық және жылдық жоспарлары бойынша ұсыныстар әзірлеу, олардың орындалуын бақылау;

Ғылыми кеңес қызметін үйлестіру, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау;

Ғылыми-зерттеу жобалары байқауларына қатысу, олардың орындалуы мен нәтижелерін, әдістемелік құралдар мен ұсынымдарды әзірлеу жұмыстарын ұйымдастыру;

Ғылыми кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру, тағылымдамалар бойынша жұмыстарды үйлестіру.

Мектепке дейінгі, бастауыш білім берудің оқу басылымдарын сараптау бөлімі

Мектепке дейінгі, бастауыш білім беру деңгейлері үшін шығарылатын оқу әдебиеттеріне ғылыми-педагогикалық сараптама ұйымдастыру және жүргізуді тікелей жүзеге асыратын орталықтың негізгі құрылымдық бөлімшелерінің бірі болып табылады.

Бөлімнің қызметі мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарына, сондай-ақ бастауыш сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерінің мазмұнына кешенді ғылыми-педагогикалық сараптама жүргізуге бағытталған.

Бөлім оқу әдебиеттерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, типтік оқу бағдарламаларына, жас ерекшелік психологиясы мен педагогика талаптарына, сондай-ақ дидактикалық, әдістемелік және тілдік нормаларға сәйкестігін бағалауды қамтамасыз етеді.

Бөлім қызметі аясында сараптама қорытындылары мен ұсынымдары әзірленіп, оқу әдебиеттерін жетілдіруге, олардың сапасын арттыруға және білім беру үдерісінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми-әдістемелік ұсынымдар қалыптастырылады.

Бөлім мамандары өз пәні/пәндері бойынша Орталықтың базасына енген сыртқы сарапшылармен жұмыс істейді. ҚР БҒМ-нің 2012 жылғы 24 шілдедегі № 344 бұйрығына сәйкес әрбір оқулық пен оған ілескен ОӘК-лерге (әдістемелік құрал, оқушының жұмыс дәптері, т.б.) 3 сыртқы сарапшы (1 ғалым және 2 мектеп мұғалімі) тартылады. Пән бойынша жауапты сарапшысы олардың қызметін үйлестіреді.

Орта білім берудің оқу басылымдарын сараптау бөлімі

Негізгі орта және жалпы орта білім беру деңгейі үшін шығарылатын оқу әдебиеттеріне ғылыми-педагогикалық сараптама ұйымдастыру және жүргізуді тікелей іске асыратын басты бөлімнің бірі.

Бөлім қызметі негізгі орта (5–9-сыныптар) және жалпы орта (10–11-сыныптар) білім беру деңгейлеріне арналған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен электрондық оқу басылымдарының мазмұнына кешенді ғылыми-педагогикалық сараптама жүргізуге бағытталған.

Бөлім оқу әдебиеттерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, типтік оқу бағдарламаларына және білім беру саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкестігін бағалауды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар пәндік мазмұнның ғылыми дұрыстығы, логикалық құрылымы, пәнаралық байланыстардың сақталуы, оқу материалдарының жүйелілігі мен сабақтастығы жан-жақты талданады.

Бөлім сондай-ақ оқу әдебиеттерінің әдістемелік аппаратының сапасын, оқу процесін ұйымдастыруға арналған нұсқаулықтардың тиімділігін, цифрлық және иллюстративтік материалдардың педагогикалық мақсатқа сәйкестігін бағалайды.

Бөлім мамандары өз пәні/пәндері бойынша Орталықтың базасына енген сыртқы сарапшылармен жұмыс істейді. ҚР БҒМ-нің 2012 жылғы 24 шілдедегі № 344 бұйрығына сәйкес әрбір оқулық пен оған ілескен ОӘК-лерге (әдістемелік құрал, оқушының жұмыс дәптері, т.б.) 3 сыртқы сарапшы (1 ғалым және 2 мектеп мұғалімі) тартылады. Пән бойынша жауапты сарапшысы олардың қызметін үйлестіреді.

Кәсіптік білім басылымдарын және оқытудың қосымша ресурстарын сараптау бөлімі

Кәсіптік білім басылымдарын және оқытудың қосымша ресурстарын сараптау жұмысын ұйымдастыру және өткізуді жүзеге асыратын бөлім болып табылады.

Бөлімнің негізгі қызметі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін әзірленетін оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді, оқу құралдарын, электрондық білім беру ресурстарын және өзге де қосымша оқу материалдарын әзірлеушінің (тапсырыс берушінің) есебінен ғылыми-педагогикалық сараптамадан өткізуді ұйымдастыру.

Бөлім оқу материалдарының ғылыми және әдістемелік негізділігін, құрылымдық логикасын, практикалық бағыттылығын, кәсіби құзыреттерді қалыптастыру әлеуетін, өндірістік оқыту мазмұнымен сабақтастығын, сондай-ақ цифрлық және интерактивті ресурстардың тиімділігін талдауды қамтамасыз етеді.

Бөлім қызметі аясында сараптама нәтижелері бойынша қорытындылар мен ұсынымдар әзірленіп, оқу басылымдарын жетілдіруге, олардың сапасын арттыруға және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде білім беру нәтижелерінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми-педагогикалық ұсынымдар қалыптастырылады. Бөлім мамандары Орталықтың базасына енген сыртқы сарапшыларды тарту арқылы жоғарыда аталған оқу басылымдарын сараптауды ұйымдастырады.

Оқу басылымдарын мониторингтеу және сынақтан өткізу бөлімі

Бөлімнің қызметі оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің (ОӘК) білім беру үдерісінде қолданылу тиімділігін айқындау мақсатында оларды сынақтан өткізу, сынақ нәтижелерін жинақтау және жүйелі түрде талдауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Бөлім орта білім беру ұйымдарынан, педагогтерден, білім алушылардан және өзге де қатысушылардан келіп түскен ақпараттық материалдарды жинау, өңдеу негізінде талдамалық анықтамалар, қорытындылар мен ұсынымдар әзірлейді.

Бөлім қызметі аясында алынған деректер негізінде оқу әдебиеттерін жетілдіруге, олардың сапасын арттыруға, білім беру үдерісін әдістемелік тұрғыдан қолдауға және оқулықпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар беріледі.

Бөлімнің маңызды функцияларының бірі – ҚР БҒМ 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 91 бұйрығына сәйкес мемлекеттік орта білім беру ұйымдарын оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілуін мониторингілеу. Мониторинг барысында анықталған проблемалық мәселелерді шешу бойынша жұмыстар атқару.

Сараптаманы жоспарлау және мемлекеттік қызметтер бөлімі

Сараптаманы жоспарлау және мемлекеттік қызметтер бөлімі Орталықтың құрылымдық бөлімшесі болып табылады және республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізілетін оқу әдебиеттерін ғылыми-педагогикалық сараптау мен сынақтан өткізу үдерістерін жоспарлау, ұйымдастыру және мемлекеттік қызметтердің уақтылы көрсетілуін қамтамасыз ету функцияларын жүзеге асырады.

Бөлімнің негізгі қызметі республикалық бюджет қаражаты есебінен сараптама жүргізуге және сынақтан өткізуге жататын орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтар мен мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған, оның ішінде электрондық форматтағы оқу-әдістемелік кешендер тізбесі негізінде Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді (ОӘК) сараптау және сынақтан өткізудің Тақырыптық жоспарын қалыптастыру болып табылады.

Бөлім Тақырыптық жоспарды әзірлеу барысында білім беру саласындағы уәкілетті органның шешімдерін, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді, білім беру ұйымдарының қажеттіліктерін және сараптамалық рәсімдердің кезеңділігін ескере отырып, жоспарлау құжаттарының уақтылы және сапалы дайындалуын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар бөлім мемлекеттік қызмет көрсету үдерісінде құжаттардың қабылдануын, тіркелуін, қаралуын және белгіленген мерзімдерде орындалуын бақылауды жүзеге асырады, мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасы мен регламенттерге сәйкестігін қадағалайды.

Бөлім өз қызметін Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы арқылы, осы қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес белгіленген тәртіпте жүзеге асырады және мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.

Цифрландыру бөлімі

Цифрландыру бөлімі — мекеменің ақпараттық технологиялар саласындағы жұмысын үйлестіретін, цифрлық шешімдерді енгізетін және ішкі процестерді автоматтандырумен айналысатын құрылымдық бөлім.

Бөлім мекеме қызметінің тиімділігін арттыруды, заманауи цифрлық құралдарды қолдану арқылы жұмыс сапасын жақсартуды және ақпараттық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Бөлімнің негізгі қызметі Орталықтың қызмет бағыттары бойынша ақпараттық жүйелерді енгізу, сүйемелдеу және дамыту, цифрлық платформалар мен деректер базасын қалыптастыру, сондай-ақ оқу әдебиеттерін сараптау, сынақтан өткізу және мониторинг жүргізу үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз етуге бағытталған.

Әкімшілік-ұйымдастыру бөлімі

Кәсіпорынды қажетті кәсіптегі мамандар мен білікті жұмысшылармен және қызметкерлермен қамтамасыз етуді, ұйымның қоғаммен байланыс саласындағы ішкі және сыртқы саясатын және кеңсе жұмысын ұйымдастыруды жүзеге асыратын бөлім болып табылады.

Пәндік сараптама комиссиясы

Пәндік сараптау комиссиясы (ПСК) - оқу басылымдарының жобасын мақұлдау немесе мақұлдамау туралы түпкілікті шешім қабылдау үшін сертификатталған сыртқы сарапшылар қатарынан құрылатын, тиісті пәндер мен оқыту тілдері бойынша бөлінетін уақытша комиссия. ПСК мүшелері ұсынылған макеттердi салыстыра отырып, олардың міндетті критерийлер мен талаптарға сәйкестігін тексеріп, тәуелсіз шешім қабылдайды. Оқу басылымдары мақұлданған жағдайда, олар ПСК отырысының хаттамасы негізінде ҚР БҒМ 2022 жылғы 22 мамырдағы № 216 бұйрығына енгізіледi.